2025 жылдың 8 тамызында Железин ауданында ұлы ақын, ойшыл, философ Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған аудандық деңгейдегі оқырмандар конференциясы өтті. Іс-шараны аудандық мәдениет бөлімі ұйымдастырып, оған өңірдің зиялы қауымы, ұстаздар, оқушылар мен мәдениет қызметкерлері белсене қатысты.
Конференцияны аудан әкімі Шайхимов Айтуған Аблаевич ашып, өзінің терең мазмұнды баяндамасымен сөз бастады. Ол ұлы Абайдың қазақ руханиятындағы орны туралы кеңінен тоқталып, баяндамасын Абайдың әйгілі «Күз» өлеңін жатқа оқумен түйіндеді.
Шараның шынайы көркем көріністерінің бірі – Еңбекші мектебінің қазақ және орыс тілі пәнінің мұғалімі Ж.А.Жамбусинованың әдеби танымға толы баяндамасы болды. Бұл баяндамамен педагог бұған дейін облыстық деңгейде де шығып, бірінші орынға ие болған еді.
Сонымен қатар М.Дулатов атындағы мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі К.Т.Даулетова мазмұнды баяндама жасап, Абай шығармашылығына тың көзқарас ұсынды. Ал ұстаздық жолда ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер ұстаз У.К.Махметова Абай мұрасын жас ұрпақ арасында насихаттаудағы өз әдістемесімен бөлісті.
Жас буын атынан жас педагог Р.С.Жолдубаев өз сөзін арнады. Ол Абайдың ой-толғамдарын қазіргі жастар тәрбиесінде қолдану қажеттілігін ерекше атап өтті.
Конференция барысында өнер де шет қалмады. Аудандық «Абайдың ұлы сөзі» байқауының жеңімпазы Жумагельды Айдана мен Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияның тәрбиеленушісі Раскелді Асанали поэзиялық композициялармен көрермендерді тәнті етті. Домбырасыз қазақ руханияты толық болмайтыны белгілі – өнер мектебінің жетекшісі Данияр Халыкович күй орындап, рухани кешке шырай қосты.
Іс-шараның қорытынды сөзін аудандық тарихи-өлкетану музейінің міндетін атқарушы директоры А.Т.Каримова сөйлеп, конференцияға Абай есімді қонақтарды арнайы шақырғанын атап өтті. Бұл – ұлттық рухтың, дәстүр мен тарихи сабақтастықтың ерекше белгісі болды.
Конференцияның екінші бөлімі жылы жүздесуге ұласты. Қатысушылар үшін мәдениет үйінің қызметкерлері тіккен киіз үйде кітапхана қызметкерлері шын ықыласпен жайған дастархан басында бас қосты. Жылы жүздесу, ұлттық тағамдар мен рухани сұхбат – бәрі-бәрі ұлы Абайға деген құрметтің бір көрінісі іспетті болды.
Қазақта «Көп түкірсе — көл болады», «Береке түбі — бірлік» деген сөз бар. Осы жолы да бірліктің арқасында әдемі, мазмұнды, рухани мәні терең іс-шара өтті.















