15 сәуір Қазақстанда ерекше мереке - махаббатқа, адалдық пен сезім тазалығына арналған Ғашықтар күні атап өтіледі. Дәл осы күні Ұлттық кітап онкүндігі аясында «Не? Қайда? Қашан?» атты қызықты интеллектуалдық ойын өтті.
Ең білімді әрі тапқыр команда атағы үшін жас мұғалімдер командасы мен балалар өнер мектебінің жас педагогтері, сондай-ақ мәдениет саласының мамандары бақ сынасты. Алғаш болып зияткерлер үстеліне А. Танарбергенов жетекшілік ететін команда жайғасты.
Ойынның тақырыбы махаббатқа арналды, ал қазақтың лиро-эпостық мұрасы «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» барлық тапсырмаларда негізгі арқау болды. Қатысушылар терең білімдерімен қатар, ерекше тапқырлықтарын көрсетті. Әсіресе команда капитаны мен ойыншыларының шапшаңдығын атап өткен жөн - олар талқылау уақыты аяқталмай-ақ, жауап беруге дайын екендіктерін білдіріп отырды.
6:1 есебімен команда көрермендер қатарына ауысып, келесі ойыншыларға орын берді. Ойынға Рашиля Жаманбалинова жетекшілік ететін команда қосылып, олар да жоғары деңгейде өнер көрсетті: сұрақтарға жылдам жауап беріп, блиц-раундта тамаша нәтиже көрсетті.
Негізгі кезең қорытындысы бойынша екі команда да бірдей ұпай жинады. Ойын тағдырын қосымша кезең шешті - сұрақтар алғашқы қате жауапқа дейін қойылды. Тартысты бәсекеде Адлет Жанатқлының командасы жеңіске жетті. Дегенмен екінші команданың да ойыны өте тартымды әрі жоғары деңгейде өткенін атап өткен жөн.
Қалай десек те, ойынның аты  ойын. Алда қатысушыларды үлкен қорытынды ойын күтіп тұр. Ол 2024 жылдан бері өз иелерін күтіп тұрған жүлделі «ақылды үкілердің» кімге бұйыратынын анықтайтын болады.