Балалар кітабы апталығы аясында 31 наурыз күні балалар әдебиеті бөлімінде мектептердің 5-сынып оқушыларына арналған «Жоғалған құқықтық тәртіп кодексінің құпиясы» атты квест-ойын өтті.
Қатысушылардың міндеті – жоғалып кеткен кітапты табу болды. Бақытына орай, оны алып кеткен адам артында түрлі ишаралар мен жазбалар қалдырған.
Ойын 5 бекеттен тұрды. Әр бекетте балалар оқиға желісі бойынша құлыптың кодын анықтап, араласып кеткен балалардың құқықтары мен міндеттерін ажыратып, келесі кезеңге өту үшін ребустар шешіп, моральдық жағдаяттарға байланысты сұрақтарға жауап берді.
Ойынның финалы ерекше әрі күтпеген болды: барлығы Кодексті іздегенімен, оның орнына ... Абайдың қара сөздеріне тап болды.
Жүргізушілердің «Неліктен?» деген сұрағына балалар өз ойларын білдіріп, жауап бере алды. Олар Абайдың қара сөздері бүкіл адамзатқа арналғанын, онда әр адам өз сұрақтарына жауап таба алатынын айтты. Себебі адамның іс-әрекеті ойдан туындайды, ал ой – адамгершілік пен моральдан бастау алады.



