Қазақстанда 2021 жыл Тәуелсіздік жылы деп жарияланды. Осыған орай «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Аталмыш акция аясында «30 кітап - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына» атауымен танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы 30 үздік шығармасы жалпыхалықтық оқуға іріктелді. Осы 30 кітаптың ішіне Мұқағали Мақатаев ағамыздың «Өмірдастан» атты кітабы кіреді.

Мұқағалидің кітабы 236  беттен тұрады. Мазмұны жағынан кітап поэмалар мен өлеңдерінің жиынтығы болып екі бөлімге бөлінген. Бірінші бөліміне «Армысыңдар, достар», «Қарлығашым келдің бе?», «МАВР», «Дариға-жүрек», «Аққулар ұйықтағанда» жинақтарының өлеңдері, екінші бөліміне жыр жинағына аттас болып келген «Өмірдастан» атты поэмасы кіреді. Ақын жыр жинағында туған жер, адам тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, соғыс тақырыптарын қамтиды.