Абай менің жүрегімде...

 

Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы Өскенбайұлы Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында 1845 жылы дүниеге келді. Абай атақты Тобықты руының Ырғызбай деген тобынан тарайды. Ол ауыл молдасынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ зеректігімен көзге түседі.Абай он жасқа келгенде, әкесі Семей қаласына әкеліп оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да біраз оқыған болады.

Абай осы медреседе үш жыл оқиды. Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп тімтінуге салынады. Өз бетімен оқитын кітаптары араб, парсы, түрік жұрттарының ақындары. Одан соң сол тілдерде жазылған ертегі, дастан, хисса сияқты әдебиет мұралары.

Абайды Абай еткен, асыл сөзімен өлең етіп ұйытып, жүрегіне жыр болып байланған қасиеті - өмірден әділет, мейірім, сенім, адалдық іздеу барысында тапқан танымдық олжалары, санасын сарғайтып барып көзін ашқан тұжырым тоғыстары өлең арқылы өріліп жатыр.

Абай өлеңдерінің тақырыбы жан-жақты әлеуметтік аясы кең. Өлеңдері халықты өнерге, білімге, ғылымға шақырады, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді. Сондықтан Абай өлеңдері XIX ғасырдағы «қазақ қоғамының айнасы» деп те аталса да, әлі күнге дейін

Ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебай деген жерге қойылды. Қазір сол Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражайы бар. Жер бетіндегі күллі қазақ қауымы өздерінің ұлы Абайымен мақтанады. Олар күн өткен сайын Абайды жаңа қырынан тануда. Өйткені Абай мұралары бүгін де, болашақта да өзінің өміршеңдігімен мәңгі жасайтын ғажап туындылар.

Елде 2020 жылы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аталып өтіледі.  «Бір ел-бір кітап» республикалық акциясы шеңберінде бүкіл ел  М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын және Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романын оқиды.

      Ағымдағы жылдың 29 қаңтарында Железин аудандық кітапханасында қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай Құнанабайұлының 175-жылдығына арналған іс-шаралардың бастамасы ретінде  «Абай біздің жүрегімізде» атты әдеби-сазды сағаты өтілді. Бұл шараға Железин ауданымыздың құрметті азаматтары, белсенді жастары, жас оқырмандар, мұғалімдер қауымынан тіл мұғалімдері қатысты. Шараның мақсаты ретінде Абайдың өмірі мен шағармашылығын сөз етіп,  өлеңдері мен қара сөздерінің мәнін ашып,  кең насихаттау болды.

Жиналған қауымға Абай жайында әзірленген қысқа деректі фильмде  17 жасында әке атанып, 21 жасында аймақ болысына айналған Абай өзінің әділеттігімен қисық жолға түскен көптеген адамдарды сөз құдіретімен дұрыс жолға салғаны айтылды. Деректі бейне ролик Абайдың «Ойға түстім, ойландым» өлеңі әр қайсымызды өз жүрегіміздің түбіне үңілуге, өмірдің маңыздысын бір күндік қуаныштан ажырата білуге шақырады.

       «Абай менің жүрегімде» атты әдеби-сазды сағатты Железин орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Адамова Марғуаш Нұрқайдарқызы ашты. Ол өз сөзінде еліміздің Президенті К.К.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласына тоқталып, Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, ақын шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екендігі жөнінде жұртшылықпен Президентіміз ой бөліскісі келгені туралы сөз етті.

       Әдеби-сазды сағатымыз мәдениет үйінің қызметкері Абдреев Ақжолдың орындауындағы керемет әнмен көркейтілді. Абайдың дін ұстанымы туралы, оның мәңгілігі жайында, Абай мұрасы шексіз екенін  аудан имамы Төлеген аға түсінідіріп өтіп, біздің шөберелерімізге дейін жететін мұра деп өз сөзін қорытындылады.  Жалпы айтқанда, ақынның өлеңдері адамшылыққа шақырып тұрғанының өзі шариғат жолында, руханият жолында екенін ауданымыздың белсенді ағасы Бижан аға сөз етіп, мектепте оқып жүрген кезінде жаттаған Абайдың «Жастарға» өлеңін оқып, мәнін түсіндірді.

«Нұр ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Күлжамиля апай жастарға бала кезінде Абайдың өлеңдерін оқып, әндерін айтып жүргендерін баяндаса, тәжірибелі ұстаз филолог Абдразакова Галия Канафьевна ақынның өлеңдерін әкесінің орындауында тыңдап өскенін сөз етті. Әріптесіміз Дегтярева Татьяна Семеновна Семей қаласындағы Абайдың мұражайына барып, білген-көргені туралы қонақтарғабаяндады. Кітапханашы  М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан жастарды оқуға қызықтыру мақсатында әсерлі үзінді оқып берді.  

Ауданымыздың Мәдениет үйінің басшысы Ибраева Азиза Есентайқызы жастарды мансап қумай, білім жолына, елге адал қызмет етуге  шақырып, Абайдың өлеңін оқып берді. Железин ауданының «Айбат» жастар орталығының өкілдері  Борамбаева Салтанат пен Бедрина Марина  іс-шараға белсене қатысып, жастардың ұлы ойшыл туралы көзқарасын танытты.

Медведева Дарья (Железин № 1 мектеп оқушысы) атты жас оқырманымыз   Абайдың «Қөзімнің қарасы» әнін керемет орындады. Баукенова Аяулым мен Тугумбаева Аиса (Железин № 3 мен № 2 мектеп) айтқан  «Желсіз түнде жырық ай» өлеңі тыңдаушылардың көңілінен шықты.   Біздің «Бұлақ» әдеби балалар клубының мүшесі Балғабаева Диляра (Железин № 3 ) Абайға арнау деп аталатын өз шығармашылығынан өлең оқып берді. Бұл өлеңінің толық нұсқасы:

 

Сәулесін суда ойнатып, дірілдеткен,

Тасытып өзенін де гүрілдеткен.

«Желсіз түнде жарық ай» деп жырлаумен,

Ауылдың көрінісін суреттеген.

 

«Көзімнің қарасы...» деп бастаған,

Ішіндегі ғашықтығын жара қылған.

Жылап та, ағызып та көз майын,

Қалқасына сөз айтуға дайын тұрған.

 

Қаламқасқа сағыныштан сәлем айтқан,

Қаламқасқа мал мен басты құрбан қылған.

Көзіне ыстық-ыстық жас келтіріп,

Қаламқастың даралығын сипаттаған.

 

Одан да көп Абайдың бар әндері,

Айта берсем, қағаз да жетпес еді.

Халқымыздың жүрегінде орын алған,

Алтын жақұт –Абайдың ән-күйлері! (Балғабаева Диляра)

 

      Шара барысында ұлы ойшылдың жазған қара сөздері талқыланып,  17 қара сөзін сахналық көрініс ретінде көрсетуге  дене шынықтыру және спорт секторының меңгерушісі Байманов Талғат Болатұлы белсенділік танытты.  Дана ойшылдың қара сөздерді жазу себебі, ол келешек ұрпақтың жақсы мен жаманды айыра білгенін танытты. Жас шыбықтан биік діңгек өсетіні сияқты адамзат баласын сәбилік шағынан тәрбиелеу деп санаған екен.  Әдеби-сазды сағатымыз «Нұр ана әдемі» бірлестігінің мүшесі Майтуна апайдың бастауымен, ақынның әйгілі  «Көзімнің қарасы» атты  әнін бірігіп айтумен аяқталды.

Кітапхана  қызметкерлерімен «Әлем таныған Абай» атты кітап көрмесі қойылды.

«Мемлекет көлемінде және халық­аралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуы­мыз үшін өткізілмек. Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде баға­ланды. Өткен жылы Абайдың шығар­ма­ларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Ләйлім атты оқушы қыз ұсынған бұл елдік шараға мен де қатысып, қолдау көрсеттім. Мектеп оқушыларынан ел азаматтарына, тіпті әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытып, лезде іліп әкеткен бұл бас­тама бірнеше айға ұласты. Соның арқасында бүкіл Қазақ­стан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты. Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Абай жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жаңаша жанданады деп сенемін» деп Қазақ елі Президенті Қ.Қ. Тоқаев өз мақаласында жазды.

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдарын, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сия ма айтыңдаршы,

Өлмей тұғын артында сөз қалдырған, - дегендей, Абайдың мұрасы шексіз, әр сөзін түсініп, ой елегінен өткізіп оқысақ, «адам болу» өнерін игеру қиынға түспес.

Умарова Ә., ОКЖ әдіскері