Құрметті оқырман! Бүгінгі күнде баспасөз басылымдары мен газеттерге жазылу жалғасып жатыр. Сондықтан да бір-неше мемлекеттік тілде жарық көретін баспасөз басылымдарына тоқтала кетуді жөн санап отырмыз.

Парасат: Бұл журналдың 55 жылдық тарихы бар. «Парасат» журналының бұрынғы атауы «Мәдениет және тұрмыс» деп аталған. Бас редакторы Серік Әбікенұлы.

Сөз өнерінің қазынасы болған «Парасат» журналы рухани серпілістің қайнарына айналуды діттеген басылым. Бұл басылым саналарды селт еткізу үшін толымды ой, тұшымды пікірді екшеп, елге есті сөз айтар азаматтардың мінберіне айналған. Бұл журнал беттерінен танымал тұлғалардың жүрекжарды сұхбаттарын, қаламгерлердің жаңа туындыларын, қоғамдағы өзекті тақырыпқа қатысты пікірлерді оқи аласыздар. Бұл журнал жеке пікірлер, сұхбаттар, тарих, проза, ойтолғау, поэзия, естелік, білгенге маржан, әзіл-оспақ сонымен қатар сөз жұмбақтардан құралған.

Ақиқат: Бұл журнал 1921 жылдан бастап жарық көре бастаған. Ақиқат ұлттық қоғамдық- саяси журнал. Бас редакторы Аманхан Әлімұлы. Журнал 1976 жылы Халықтар Достығы орденімен, 2002 жылы Қазақстан Журналистика Академиясының «Алтын Жұлдыз», 2008 жылы Қазақстан Журналистер одағының сыйлығымен марапатталды. Бұл журналдың тұңғыш саны 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» деген атпен Орынбор қаласында жарық көріп, уақыттың ағымына сәйкес бірнеше атаумен өзгертіліп, ақыры «Ақиқат» деген атауға ие болған басылым еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде қоғамдық-саяси өмірге барынша нақты әрі жан-жақты қарайтын басылымға айналды. Атына қарап-ақ затын айыруға, қай заманның, қай қоғамның сойылын соғып, саясатын жүргізгенін білуге болады. Сонымен, «Ақиқат» журналында Келелі кеңес бөлімінде Ақбота Исләмбектің «Қазақстан, Ресей, Қытай қарым-қатынастарының кешегісі қандай, бүгінгі және ертеңі қандай болу керек?», Ащы да болса... бөлімінде Сейілбек Мұсатаев «Демократиялық соғыс: жеңістер мен жеңілістер» немесе Саясат сахынасы бөліміндегі Мырзан Кенжебайдың «Өзі ластың-саясаты да лас», Фазылы Әбсаттарұлының «Ұлттық патриотизм немесе қазақпын деген қандай бақытты» сол сияқты көптеген материалдардың ең таңдамалыларын оқи аласыздар. Шындығында «Ақиқат» журналы – ақиқатқа жүгініп, шындыққа ұмтылатын республикамыздағы ең бір мазмұнды да мәнді басылымдардың бірі.

Қазақстан әйелдері: Бұл журналға биыл 88 жыл толып отыр. Бас редакторы Алтыншаш Жағанова. Бұл журнал әйелдер үшін, тіпті жасөспірім қыз балалар үшін қызыға оқитың журналдың бірі. Тақрыбы кең, ойы еркін, нақыш –бояуы көз тартатын басылымдардың бірі.Әйелдер журналдары болғандықтан мұнда әйел заты қызығатын күнделікті тұрмысқа, үй-іші ошақ басына қатысты әңгімелер мен ақыл кеңестер «Артық болмас білгенің» айдары, «Ұлттық салт-дәстүр» айдарында «Ырымдар мен тыйымдар», бала көтеру, дүниеге келтіру және оның күтіміне арналған материалдар, моральдық-этикалық қағидалар күнен-күнге қызықты етіп беріліп келеді. Қыз келіншектер үшін мәні зор медицина төңірегіндегі әр алуан танымдық, кеңесші материалдарды жариялап тұрғаны журналдың құнын көтере түседі. әсіресе 13 пен 17-нің арасындағы жастарға арналған беттер жақсы беріліп келеді.

Жұлдыз: Бұл журнал 1922 жылдан бастап жарық көріп келеді. Бас редакторы Есдәулет Ұлықбек Оразбайұлы. Бұл әдеби-әлуметтік журнал. Бұл журналда көптеген қызықты –қызықты әңгімелер, поэмалар, тарихи романдар беріліп отырады.

Бүгінде төл баспасөздің жарық жұлдызына айналған «Жұлдыз» басылымы – қазақ қауымының сүйіп оқитын журналы. Бірнеше ұрпақ «Жұлдызбен» бірге жасасып келеді. Әдебиеттегі соңғы жаңалықтар, жазушының қаламынан жаңа ғана шыққан тың туындылар, ең алдымен «Жұлдызда» жарық көреді. Оқырмандарын қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен сусындап келе жатқан басылым.

Мәдени мұра: Бұл журнал 2002 жылдың қазан айынан бастап екі айда бір рет шығады. Редакторы Д. Досжан. Журнал ЮНЕСКО құзырындағы элиталы басылым. Бұл басылымда Қашқынбек Жанбетовтың «Мұражай-тәрбие мектебі», Бердібек Хабайдың «Алтын және бағалы металдар музейі», «Жез таңдай» Әміре Қашаубаевтың 125-жылдығына орай берілген мақалаларын оқи аласыздар.

Жалын: Әдеби-көркем және әлеуметтік журнал. 1969 жылдан бастап шығады. Бас редакторы Мұхтар Шаханов. Бұл журналдан қилы-қилы хикаялар, оқшау ойлар, көкейтесті мәселелер, поэзиялар, тарих, мәдени мұраларды оқи аласыздар.

Көптеген азаматтар бұл баспасөз басылымдарын жаздырап ала алмай жатады. Сондықтан да оқырмандардың назарына! Бұл басылымдардың барлығын кітапханадан келіп оқуларыңызға көп мүмкіндік жасалған. Келіңіздер, оқыңыздар. Көптеген қызықты оқиғалар, пайдалы кеңестер ала-аласыздар. Құрметті оқырмандар, сіздер үшін кітапхана есігі әрдайым ашық.

Серуен Зоя

АОК кітапханашысы

Қызмет көрсету бөлімі