Халқымыздың құрметті қонақтарға ұсынатын кәделі, әрі ең басты тағамдарының бірі – ет. Қазақтар сыйлы қонақтарға мал басын көрсетіп, табақ-табақ ет тартқан. Әр табақ қонақтың дәрежесі мен жасына, іліктік жолына (нағашы, жиен, құдағи, қыз, бала, т.б.) сәйкес келуі керек. Осыған орай табақ тарту – бас табақ, сый табақ, күйеу табақ, келін табағы, жастар табағы, жай табақ болып бөлінеді.

      Ағымдағы жылдың 10 наурызынан бастап «Жебе» жобасы шеңберінде Железин аудандық кітапханасы ұлттық тағам марафонын бастады. Алғашқы болып аудандық кітапхана марафонды қолдап, қазақтың ұлттық бас тағамы- табақ тартуды әзірледі.

      Железин ОКЖ директоры Алтын Таңжарыққызы Каримова ет пісіру, салма нан әзірлеу  кезеңдерін бейнеге түсіріп, келесі эстафетаны Аққайың ауылдық кітапханасына жолдады.

    Наурыз мейрамында дастарқанда тағам мол болса, сол жылы ақ мол болады деген ырым бар. Сондықтан ақ жаулықты аналарымыз дастарқанда тағамның көп болуына баса мән берген.  Ел-жұртымызды осы киелі мерекемен құттықтап, елімізге тыныштық, отбасымызға береке тілейміз! Ақ мол болсын!