Жылма - жыл ақпан айының ортасында біз ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. Өйткені бұл соғыста 18-19 жасар өрімдей жас жігіттер жазықсыздан-жазықсыз құрбан болды.
Бүгінгі жастар өздеріндей жігіттердің Отан алдындағы борышын адал орындағандарын ұқсын, олардың патриоттық сезімінен тағылым алсын деген ниетпен жабдықталған осынау көрме арқылы сол бір сұрапыл соғыс болған  ХХ ғасырдың 80 – жылдарына ораламыз.
Ауғанстан соғысы – Кеңес Одағы тұсын­дағы тарихтың ең қайғылы бет­те­рі­нің бірі. Он жылға жуық бөтен ел­дің мүддесін қорғаған Ауғанстандағы шек­теулі контингент әскерлері құра­мында Қазақстаннан 22 269 жауын­гер интерна­цио­нал­дық міндетін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған жігіт елге мүгедек болып оралды. Қаншама қазақ отбасына қасірет әкелген айдаладағы Ауғанстан соғысы біз үшін осылай аяқталған болатын. Сондықтан жыл сайын бұл күні табаны күректей он жылға жуық созылған соғыс­та қаза болған қаруластарының қабіріне барып тағзым етіп, еске алады, сүйегі шет елде қалғандарға бағыштап құран оқылады.
Ауған соғысы аяқталған жылы «Прав­да» газетіне соғыстағы адам шығыны­ның жалпы саны жарияланды. Онда қаза тапқандар 13 833 адам деп көрсетілген. Көрсетілген адам шығыны жыл сайын көбейе түсті. 1999 жылдың 1 қаңтарын­дағы дерек бойынша ішінде майданда өлгендер, жарадан, аурудан, оқыс жағдайдан қайтыс болғандар, хабар-ошарсыз кеткендер бар, барлық қаза тапқандардың саны Кеңес Одағы Армиясынан – 14 427 адам, Мемле­кет­тік қауіпсіздік комитетінен (КГБ) – 576 офицер, Ішкі істер министрлігінен – 28 адам. Барлығы – 15 051 адам. Жаралан­ған, контузия алғандар – 54 мыңға жуық, ауырғандар – 416 мың адам. Кеңес Одағының ауған соғы­сынан көрген зияны осындай қасіретті болды.
Биыл Ауған соғысына  29 жыл толуына байланысты , аудандық орталық кітапхана «Жан жарасына айналған Ауғанстан» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Кітап көрмесі аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылды.
Ауғанстан соғысы туралы шындықты жеткізу, соғыстың саяси проблемаларды шешудің тәсілі емес екендігі туралы  ұғымды қалыптастыруды мақсат еткен көрмеге Ауғанстанда шайқасқан, құрбан болған және аман қалған қазақстандық жауынгерлер мен офицерлердің деректі материалдары (оқиғалардың куәгерлері мен қатысушыларының фотосуреттері), сонымен қатар ауған туралы кітаптар қойылды.

Қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы
Серуен Зоя

FOTO