Аудан халқы мен әкімшілігіне алғысымды білдіремін!

Адамның жасы ұлғайған сайын, жас баладай күй кешеді екенсің. Не болса соған алаңдап, не болса соны қайғырып мазаң кетеді ... Ал егер, бір қуанышты жай бола қалса, тағы да балаша қуанып, сенен бақытты жан жоқтай күй кешесің. Бұл әрине, сезімталдықтың белгісі ме деймін.

Жақында, менің басымда сондай қуанышты жай болды. Биылғы жылы Железин ауданының 80 жылдығына орай «Туған жер перзенттері» деген кітабымның 2-ші томы жарық көрген болатын. Бұл менің туған жерге деген сүйішпеншілігімнен туған тарихи, құнды еңбек. Оқырмандар солай деп бағасын берген еді.

Енді сол жайлы қысқаша баяндасам. Жақында Железин ауданының әкімі Қабиболла Аманұлы Абушахманов бас болып, аудандық кітапхананың ұжымының ұйымдастыруымен осындағы номері үшінші мектепте кітаптың тұсаукесері болып өтті.

Сонда менің атақты ұстаздарым – математика пәнінің мұғалімі, Железин ауданының құрметті азаматы – Әмірхан Омаров, неміс тілі пәнінің мұғалімі, еңбек ардагері – Әлима Жолдыбаевалар сөз алып, кітап жайлы жылы сөздерін айтқанда, ұстаз еңбегінің жанғаны осы болар деп, кеудемді зор қуаныш сезімі билеп, ерекше бір күй кештім.

Ал, Железин ауданының құрметті азаматы, депутат, қоғам қайраткері Анатолий Иванович Прокопцовтың берген бағасы: «Біздер кетерміз, бірақ мына кітаптың, оның ішіндегі адамдар жайлы жазылған құнды деректер ғасырдан-ғасырға жалғаса беретін мұра болады»,- деуі мен үшін үлкен баға болды.

Одан кейін сөйлеген мектептес құрбым Нағима Алдыбаева, кәсіпкерлер Жұмакелді Қайыркельдинов пен «Бакауовтар» шаруа қожалығынан келген ініміз Марат Даниярұлы кітапқа деген жүрекжарды сөздерін айтып, құрмет көрсетті.

Ең құндысы, өзімнің шәкірттерімнің бірі – осы аудандық «Туған өлке» газетінің Бас редакторы Мұса Мұхаметтің ұстазына деген арнаған сөзі мені қатты толқытты.

Қорыта айтқанда, адамның еңбегін дер кезінде елеп, оған құрмет көрсету білгеннің ісі дер едім. Біздер осы кітап арқылы бүгінгі ұрпаққа өткен тарих беттері мен сол кездегі еліне ерен еңбек сіңірген адамдардың өмірі мен олардың өткен еңбек жолын үлгі еттік. Сол қайраткер адамдар арқылы жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялаттық. Осы арқылы жастардың туған жері мен еліне сүйіспеншілік тудырдық деп ойлаймын.

Адам еңбегін елеп, алтын уақытын осы бір кешке арнаған аудан әкімі Қабиболла Абушахманов мырза мен оның қызметкерлеріне, мектеп ұжымы мен осы кешті тамаша ұйымдастырған кітапхананың меңгерушісі Маргуаш Адамоваға көп рахмет. Әрине, бізге осындай мазмұнды кештер керек-ақ!

Осы көрсеткен құрметтің шапағатына ие болған мен ғажайып сезіммен отбасыма қуанышпен оралдым. Бұл менің есімде қалған үлкен мәдени, әрі тарихи мазмұнды шара болды. Туған жеріме басымды иіп, өздеріңізге шын жүректен алғыс айтамын! Железин ауданының экономикасы артып, халқы табыстан-табысқа жете берсін! Келе жатқан жаңа 2016 жыл құт-береке, сарқылмайтын мол байлық әкелсін!

 

Ғалия Құсайынқызы Балтабай

Железин ауданының құрметті азаматы,

ҚР-ның мәдениет қайраткері, әрі құрметті журналисі